БАҚ материалдары

02.03.2016

Қайырымды бола түсейік!

"АҚТӨБЕ" газеті 

1 наурызда елімізде жаңа мереке — Алғыс айту күні бірінші рет атап өтіледі.

1 наурыз — Қазақстан халқы Ассамблеясының да құрылған күні. Ассамблеяға Қазақстанды құтты мекен еткен 130 ұлт өкілдері, ал Ақтөбе облысында 90 ұлт өкілдері біріккен. «Тату елге тыныштық пен тоқшылық – нәсіп» — деген Күлтегін бабамыз. Қазақстандағы тыныштық пен тұрақтылық, бірлік пен жасампаздық — Елбасының саясаты мен қазақ халқының бауырмалдығының нәтижесі.

Бауырмалдық — қазақ халқының табиғатында, қанында бар қасиет. Ол түрлі тарихи кезеңдерде көрініс тауып отырды. Қазақтың осы қасиеті, бөтен ұлт өкілдерінің қасіретін бөлісуі «Жерұйық» фильмінде тамаша көрсетілген. «Адамдарды қаны ғана емес, жақсы істері де туыстырады» – деген. Қазақ жері мен жұрты бастарына қара түнек күн туғанда талай ұлт өкілдеріне пана болды. Зорлықпен, күмәнмен жер аударылған немістер, кәрістер, шешендер, т.б. ұлт өкілдерін қазақтар тар үйінің бір бұрышын бөліп беріп паналатты, азын-аулақ азық-түлігіне ортақтастырып, бір үзім нанды бөліп жеді, тоңады деп киім берді, ауырса емдеді. Қиыр Шығыстан, Еділ бойынан, Кавказдан дүние-мүліксіз, құжатсыз келген ұлттар өкілдері жоқшылықты, ашаршылықты, сенімсіздікті, күдікті, моральдық-психологиялық қысымды бастан кешті. Қазақ жұртының аялы алақаны ғана оларды аман алып қалды. Қазір олардың 3-4 ұрпағы өсіп, Қазақстанды өз Отаным деп біледі. Себебі, олар — қазақ жерінде дүниеге келген, оқыған, тәрбиеленген, өскен, еңбек етіп, бақытқа қолы жеткен жандар. Әсіресе аға буын өкілдері, қазақтың жақсылығын ұмытпай, әрдайым еске алып, алғысын жаудырып жүр. Депортацияға ұшыраған ұлт өкілдері қазақ халқының жақсылығын жүрегінің бір бұрышында сақтап келеді. Олардың көпшілігі қазақтың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, тілін үйренді. Бір бөлігі қазақтармен құда-жекжат, нағашылы-жиенді болып кетті.
Қазақ халқына 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысы кезінде орталықтан — Москва, Ленинград қалаларынан, жау қолындағы республикалардан көшірілгендер, тылға келгендер де үлкен алғыс айтады. Соғыс кезінде Қазақстанға орыстың атақты өнер қайраткерлері де көшірілген. М.Ромм, Эйзенштейн, М.Плисецкая қазақ жерінде тамаша өнер туындыларын дүниеге әкелген. Олар да қазақтың мейірімін ұмытқан жоқ.
Тарихтан тағылым ала отырып, бүгінімізді, ертеңіміздің іргетасын жасаймыз. Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылы ішінде этносаралық түсіністіктің, сыйластықтың, қайырымдылықтың шынайы моделі құрылды. Бұл Қазақстан халқының тарихи жады, өшпеген естеліктер арқасында жүзеге асты. Алғыс айту күні дәстүр жалғасып, аға ұрпаққа құрмет, қайырымдылық көрсетіледі. Ал демеу мен көмек керек балаларға мейірімділік жасалады. «Қолыңдағыңмен бөліс, қайратыңмен көмектес» қағидасы орындалады.
Облыста «Туған жерге тағзым» акциясы жүзеге асырылуда. Мақсат облыстан шыққан белгілі кәсіпкерлерді өңірдің, елді мекендерінің әлеуметтік дамуына өз үлестерін қосуға жұмылдыру, білім, мәдениет, спорт, денсаулық салаларындағы әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру, қайырымдылық, демеушілік, т.б. көмектер көрсетуге тарту, облыс елді мекендерінің инфрақұрылымын дамыту.
Шалқар қаласында педагогикалық-психологиялық коррекциялық кабинет іске қосылды. Ырғызда дәрігерлік амбулаторияға, Қобдада медициналық пунктке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Нысандардың қызметін пайдаланған тұрғындар оларды істеген кәсіпкерлерге өте риза болып, күнде алғыстарын айтуда. Демеушілер 40-тан астам мәдениет мекемелеріне жөндеу жүргізіп берді. Жергілікті халық олардың игілігін көріп отыр.
Алғыс айту күнінің бір бағыты — «Асарға шақыру». Бір отбасының қолынан келмейтін көлемді, күрделі, ауыр жұмыстарды жасау үшін адамдарды асарға шақырады. Мысалы, үй, көпір салу. Мұндай жақсы дәстүр де ел ішінде жалғасын табуда. Астанада тұратын қобдалық кәсіпкер Исламбек Салжанов 450 млн теңгеге Қобдада әдемі балабақша кешенін салды. Балабақшада жүз елу бала тәрбиеленіп отыр. Қобдалық ата-аналардың патриот жерлестеріне алғысы шексіз. Бұл нысандардың қызметін қазақтар, орыстар, украиндар, т.б. ұлт өкілдері пайдаланып отыр. «Бір адам от жақса, мың адам жылынады» — деген , міне, осы. Адамның адамға жақсылық жасауы мезгіл-мезгіл емес, тұрақты, үзіліссіз жүзеге асырылатын жүйелі қозғалыс. Жеке адамдар мен әртүрлі қорлар, мекемелер қамқоршылық, қайырымдылық, демеушілік жұмыстарын жасауда.
Ақтөбе қаласында 2004 жылдан бері «Қамқоршылық – Забота» қоры жұмыс жасап келеді. Оның басшысы, ұйымдастырушысы Дмитрий Долматенко — патриот азамат, қайырымды адам, облыстық мәслихаттың депутаты.
Аталған қор кәсіпкерлердің қолдауы мен қайырымдылық шараларын жүзеге асыруда. Қор Жайсаң балалар үйінің тәрбиеленушілеріне тұрақты көмек көрсетеді. Жазғы демалыс кезінде балаларды Ақтөбеге әкеліп, қаланы аралатады, паркте ойнатады, спектакль көрсетеді, тамақтандырады, сыйлықтар ұсынады. Жайсаң колледжіне тігін машинкасын, 150 мың теңгеге электр жөндеу құралдарын алып берді.
1 қыркүйек, оқу жылының басталар күні қарсаңында аз қамтылған мектеп оқушыларына «Мектепке жол» бағдарламасы бойынша киім, оқулықтар, оқу құралдарын алып беріп, жылда мектеп оқушыларына қамқорлық жасайды. Тұрмыстары қиын жағдайдағы 30 адамға аптасына бір рет «Конжут» кафесінде қайырымдылық түскі ас беріледі.
Ақтөбе қаласының 18 дүкенінде мейірімділік жәшіктері қойылған. Оларға қайырымды ақтөбеліктер мүмкіндігінше ақша салып, емделуді қажет ететін есепте тұрған 72 адамға қаржы жинайды. Көмек алушы кімнің ақша бергенін білмейді, бірақ бір ақтөбелік мейірімді азаматтың өзіне жаны ашитынын біледі, аурудан жазыламын деген үміт оты бойын жылытады.
Алғыс айту күнінің бір бағыты — жылу жинау. Өртке ұшыраған, мал-мүлкі суға кеткен, т.б. бақытсыздыққа ұшыраған отбасына, адамға, ауылға адамдар мал, дүние, ақшалай көмек көрсетіп, жәрдем беруді «жылу» деген. Мұндай жағдайда жақын, туыстық не тану-білу шарт емес, әркім қалауынша көмек береді. Жылу беру – адамгершілік, ұлттық дәстүрдің көрінісі. Қарағанды облысындағы су тасқынынан тұрғындар зардап шеккенде, Қор атынан адамдарға азық-түлік, киім-кешек жіберіліп, 1,5 млн теңгеге көмек көрсетілді. Ал денсаулығына зиян келген балаларды емдеуге көмекке 2 млн теңге ақшалай жәрдем жасалды. «Бірлесіп көтерген жүк жеңіл» дегендей, қарағандылықтардың қиындығына өз иықтарын тосып, көтерісуді ақтөбеліктер парыз деп ұқты.
«Қазақстандағы қоғамдық келісім — ең алдымен қазақтың келісімі» екенін Елбасымыз атап көрсетіп, барлығымызды бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, еліміздің болашағы жолында ынтымақта болуға шақырып келеді.
Қобда ауданында тұратын ұлттардың төл мерекелері Наурыз, Рождество, Масленница кең көлемде ұйымдастырылады, «Бірлігіміз жарасқан!» Достық фестивалі өткізіледі.
«Туған жерге тағзым» акциясы бойынша аудан кәсіпкерлері — К.Жаңабаев, Б.Мұқанов, Т.Ескендіров патриоттық шара өткізуге 5 млн теңге көлемінде демеушілік жасады. Жастар бастамасымен «Жан жылуы» атты қайырымдылық акциясы бойынша мүгедек бала Алена Середаға 300 мың теңге қаржылай көмек көрсетілді.
Аудандық орталық аурухана дәрігерлері Ұлы Отан соғысының ардагері А.П.Афанасенконың үйіне 150 мың теңгеге жөндеу жұмысын жүргізді.
Ал балалар үйінің тәрбиеленушілеріне білім алу үшін жинақтау есепшотына 10 баланың әрқайсысына 100 мың теңгеден ақша салынды. Жақсылықтың ерте-кеші, үлкен-кішісі болмайды.
«Адамды адам ететін — мейірім мен қайырым» — деген даналық сөзді әр кез жадында ұстап, айналасына қайырым-қамқорлықпен қарайтын жандар Ақтөбе жерінде баршылық. Сағынай қажы Ақырап жағындағы отбасыларға шөп, жем, азық-түлікпен көмектеседі, дәрігерге қаратады, күнделікті тіршілік шаруаларына жәрдемдеседі.
Шұбарқұдық гимназиясында әлеуметтік көмек керек оқушыларға мұғалімдер ұжымы мен мектеп түлектері тарапынан көрсетілуде. Оған бөтен кәсіпкерлер тартылмайды. Әр баланы мұғалімдер мен гимназия түлектері өздеріне бөліп, бекітіп алып, тұрақты көмек көрсетеді.
Ақтөбе қаласындағы «Рауан» көпсалалы колледжінде «Ардагерлерді ардақтайық, аялайық» атты акция өткізілді. Колледж оқушылары тыл ардагері Лидия Хромованың үйіне барып, ауласын қардан тазартып, үйін жинастырып берді. Колледж атынан азық-түлік пакетін сыйға тапсырды. Жастардың, колледж басшылығының қамқорлығына риза болған ардагердің көңілі көтеріліп, жастарға алғысын жаудырды.
Колледжде оқитын ата-анасы жоқ 4 балаға және 1 мүгедек балаға колледж басшылығы шешімімен жеңілдіктер берілді.
«Ардагерлерді аялайық» акциясы аясында №2 Хромтау гимназиясының оқушылары Ұлы Отан соғысының ардагерлері С.Тротьяк пен М.Петруниннің үйіне барып, ауланың қарын тазартып, үй шаруаларын орындап берді. Жастардың бойындағы патриоттық сезімді көрген соғыс ардагерлері олардың бұл ісіне ризашылық білдіріп, алғыс айтты.
«Аз жақсылық жасағанға да көп рақмет айту парыз» – деген Ж. Баласағұн.
Дағдарысқа қарамастан тұрғындарға тегін нан тарататын кәсіпкерлер де бар Ақтөбеде. Солардың бірі — 41-разъездегі «Жаля» дүкенінің иесі. Ол айына екі рет тұрғындарға нанды тегін береді. Тұрмысы төмен адамдарға нанды тегін бере бастағанына біраз уақыт болған. Дүкен иесі — әзірбайжан жігіті жұма күні 120-130 бөлке нан таратады. Зейнеткерлер «1 бөлке нанға ақша табармыз-ау, бірақ мынандай мейірімділікті қайдан табасың» — деп алғыстарын жаудырады.
Абай даңғылындағы шешендер Ақтаевтар иелік ететін «Шолпан» дүкенінде де тегін нан үлестіру дағдысы болып тұрады.
Тәуелсіздіктің 25 жылдығына, А.Жұбановтың 110 жылдығына арнап 25 концерт қоюды өнерлі отбасы — Қанат, Светлана, Димаш Айтбаевтар Байғаниннен бастады. «Алақай» қуыршақ театры артистері әр айдың 25 күні тегін спектакль көрсетуге шешім қабылдады.
Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония жеті сайын өз коллективтерінің концерттерін көрермендерге ұсынуда. Москваның үлкен опера және балет театрының әншісі, жерлесіміз Светлана Касьянның қайырымдылық концерті үлкен табыспен өтті. Жиналған мол қаржы Алға балалар үйіне аударылды. Облыс әкімінің орынбасары А.Шериязданов С.Касьянды шығармашылығымен құттықтап, табыс тіледі және қайырымдылық қадамы үшін алғыс айтты. Зал лық толы көрермендер жерлес әншінің өнеріне де, қайырымдылығына да риза болып, құшақ-құшақ гүлдер сыйлады. «Үлкенді сыйла — алғыс аласың» — деген. Жастар әлсіздерге, қарттарға, жеке үйде тұратын ардагерлерге көмектессе болар еді. Колледж бен университеттер студенттері «Қайратыңмен көмектес» деген топтарға ұйымдасса, үлкендерге көмектессе, тұрмыстық бұйымдарын жөндеп, үйлерін, аулаларын тазартып, жинап берсе, қолғабыс жасаса, қарттарға құрмет болады, жастарға тәрбие, алғыс жауады, бата алады. Алғыс айту күнінің бір бағыты — Бата беру. Ақ тілеудің белгісі, қасиетті рухани ұғым — ақ бата. Халқымыз: «Батаменен ер көгерер» — деген.
Ұлт жоспарында Н.Назарбаев бірлік, татулық, бейбітшілікті нығайтуға, қазақстандық арманға жетуге шақырды. Ойшыл әл-Фараби өзінің «Қайырымды қала тұрғындары туралы» трактатында бір-біріне жақсылық жасауға, көмектесуге асығатын тұрғындары бар қала — қайырымды қала деген екен. Ақтөбе — қайырымды қала, ақтөбеліктер мейірбанды жандар.
«Қолыңдағыңмен бөліс, қайратыңмен көмектес!» деген девизбен ұйымдасып, Ақтөбенің қайырымды бола түсуіне өз үлесімізді қосайық, осындай атқа лайықты болайық!

Еркін ҚҰРМАНБЕК,
Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, 
ҚХА «Бірлік» ақсақалдар кеңесінің төрағасы.