БАҚ материалдары

24.07.2015

76 Әйел жұмысқа орналасты

"АҚТӨБЕ" газеті, 23 шілде 2015 жыл.

Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиеваның төрағалығымен қала әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.
Жиында отбасы, жұмыспен қамту, әйелдер арасындағы кәсіпкерлікті дамыту мәселелері көтерілді. Қаладағы «Ана үйі» кризистік орталығының директоры Таңсұлу Лақова орталықтың жұмысы туралы баяндады. Осыдан
бір жыл бұрын қалада түрлі себептермен кішкентай баламен жалғыз қалған жас аналарға арналған «Аналар үйі» ашылған болатын. Осы уақытқа дейін орталықты 36 ана паналаған. Қазіргі таңда бұл үйде 11 ана, 8 бала тұрып жатыр. Олардың қатарында күйеуімен ажырасқан, жігіті алдап кеткен, оң жақта отырып бала көтерген соң туған-туыстары теріс айналған, ойнақтап жүріп, от басып, бойына біткен баласынан бас тартқысы келген жас қыздар бар.

ана уй

— Бұл жерге жас аналар келеді. Оның ішінде аудандардан келген аналар көп. Түрлі себепке байланысты отбасы, жігіті, күйеуі бас тартқанда «барар жері, басар тауы» болмай осы жерді паналайды. Баласы бір жарым жасқа толғанша біздің қамқорлығымызда болады. Аналармен психолог мамандар жұмыс жасайды. Оның ішінде өз баласын перзентханаға тастап кеткісі келетін, жетімдер үйіне тапсырып жібергісі келетін қыздармен кездесіп, кеңесімізді айтамыз. Шама келсе, қыздарды жігіттерімен табыстырып, үйленіп, отау болып кетуіне қолдау көрсетеміз. Олардың жұмысқа орналасуына ықпал етеміз. Мүмкіндігіміз келгенше аналардың еңбек етіп, балаларын бағып, қағатындай күйге жеткізуге тырысамыз, — деді Таңсұлу Лақова.
Орталықты белгілі ақтөбелік кәсіпкер Исламбек Салжанов қаржыландырады. Жалға алған екі қабатты коттедж үйде бір мезгілде он ана, он бала өмір сүре алады. Ана мен баланың жылы да жайлы үйде қысылмай-қымтырылмай тұруына бар жағдай жасалған. Бір жыл бойы балалардың киім-кешегі, ішіп-жемі орталықтың мойнында. Таңсұлу Лақова жан-жақтан жиналған аналардың өзара тіл табысуы қиын екенін айтты. Сондықтан олардың арасында түрлі келіспеушіліктің алдын алу үшін әр анамен жеке сөйлесіп, тәртіптің сақталуын қадағалайды.
Отырыста көтерілген екінші мәселе — әйелдерді жұмыспен қамту. Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Гүлшат Қаңтарбаева осы бағытта атқарылып жатқан шаруаларды баяндады. Оның айтуынша, қала әкімінің бекітуімен халықты жұмыспен қамту кешенді жоспарына сәйкес мемлекеттік және салалық бағдарламаларға 5280 адамды қатыстыру жоспарланған. Қазіргі таңда 1744 адам тұрақты жұмыспен қамтылыпты. Биыл 9 мың жаңа жұмыс орнын құру жоспарланса, бүгінде 2720 жұмыс орны ашылған. Жұмыссыздар арасында 29 жасқа дейінгі жастардың үлесі — 55 пайыз, ал әйелдердің үлесі — 44 пайыз. Сондай-ақ, азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында алты мемлекеттік салалық бағдарлама бойынша 93 жоба ұйымдастырылып, оған 642 адам қатысқан. Оның ішінде «Нұрлы жол», «Агробизнес», «Бизнестің жол картасы — 2020» секілді бағдарламалар бар. Бүгінгі таңда осы бағдарламалар аясында 345 азамат, оның ішінде 11 әйел жұмысқа тұрған. Әйелдер арасындағы кәсіпкерлікті арттыру мақсатындағы курстарға 30 адам қатысса, оның 17-сі әйел. Курстан өтіп, шағын несие алған әйелдер де бар.
— Мәселен, Қарғалы ауылдық округінің тұрғыны Айгүл Қуанышева кафе ашу мақсатында 3 миллион теңге көлемінде несие алып, қазір кәсібін дөңгелентіп отыр. Қурайлы селолық округінің тұрғыны Гүлжанат Айтжанова да өткен жылы үш миллион теңге алып, ауыл тұрғындарына қызмет көрсетуде. Тіпті бір адамды тұрақты жұмысқа алды. Жалпы сәуір айында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының облыстық филиалы арқылы шағын несие алуға 13 адамның тізімі жолданса, комиссияның құптауымен 7 ауыл тұрғыны жалпы көлемі 20 миллион теңге болатын несиеге қол жеткізді, — деді орталық басшысы.
Сондай-ақ, биыл шілде айынан бастап халықтың аз қамтылған санаттарына ақшалай көмек көрсетуге бағытталған «Өрлеу» пилоттық жобасы енгізілді. Жобаның мақсаты — аз қамтылған еңбекке жарамды отбасыларға тек қана жәрдемақы беріп қоймай, оларға ақшалай көмек көрсету арқылы белсенді отбасыға айналдыру. Қазір аз қамтылған отбасылардың еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамту үшін арнайы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жұмыссыздықтың алдын алу мақсатында жыл басынан бері 7 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілген. Жәрмеңкеге 1327 адам қатысса, оның 670-сі әйелдер. Осы шара арқылы 76 әйел жұмысқа орналасқан.
Жиында қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Анар Даржанова «Әйел кәсіпкерлігі — шағын және орта бизнестің әлеуетті сигменті ретінде» тақырыбында кәсіпкерліктің дамуы туралы баяндады. Өткен жылы «Бизнестің жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 134 кәсіпкер мемлекеттік қолдауға ие болған. Оның ішінде 43 жобаға әйелдер жетекшілік етеді. Ал жыл басынан бері 48 жоба қаржыландырылса, оның жартысынан астамын әйелдер ұсынған. Анар Даржанова түрлі қиындықтарға қарамастан соңғы жылдары әйелдер арасындағы кәсіпкерліктің жанданып келе жатқанын айтты. Қалада өткізілетін түрлі қайырымдылық шаралар мен игі бастамалардың басында әйел кәсіпкерлердің жүретінін айтып, кеңеске жиналған бизнестегі ханымдарға алғысын білдірді. Жиын соңында комиссия мүшелері мен кеңеске қатысушылар осы мәселелерге қатысты пікірлерін айтып, алдағы уақытта қолға алынатын шаруаларды ортаға салды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.
«АҚТӨБЕ» газеті
23.07.2015