Жаңалықтар

08.05.2015

Ардагерлерге құрмет

Еліміздің Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының бастамасымен ұйымдастырылған «Ұрпақтар алғысы» республикалық акциясының аясында «Алтын Қыран» халықаралық қайырымдылық қоры соғыс ардагері Мұхамбетқали Баймұратовқа мүгедектер арбасын сыйға тартты.

ардагер

1943 жылдың ақпанында 18 жасында ол майданға шақырылды. Генерал Толбухин басқарған 3-ші Украина майданының құрамында жаяу әскері қатарында соғысқан. Қатардағы жауынгер Баймұратов Украина, Румыния, Венгрияны азат етуге қатысқан. 1945 жылдың наурыз айында Венгрияның Мор қаласының маңында жарақат алды: сол жақ қолына тиген оқ оның сіңірі мен жүйке тамырларына зиян келтірді. Мұхамбетқали ата соғыстың аяқталуы туралы қуанышты хабарды госпитальда жатқан кезде естіген. Үйіне 1945 жылдың жазында оралды.

Бейбіт өмірде Мұхамбетқали Баймұратов 46 жыл бойы балаларды оқытқан. Алғашында туған ауылы - Туражолда мектепте тарих мұғалімі, одан кейін көршілес Петропавловкада еңбек еткен. Оған Қазақ КСР "Халық ағарту ісінің үздігі"  атағы берілген.

ҚР ҰКП-ға соғыс ардагерінің немересі Тимур сүйікті атасы үшін мүгедектер арбасын сатып алуға көмек сұрай келді. «Алтын Қыран" халықаралық қайырымдылық қорының президенті майдангерге қолұшын созып, көмек көрсетті. Кеше ардагер өз сыйлығын алды. Енді Мұхамбетқали ата 9 мамырда облыс орталығында өтетін мерекелік шаралардың куәгері бола алады.